Өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беру - қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы орайда білім ордаларында табиғатты аялау мен қоршаған ортаны көркейтуге бағытталған игі шаралар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Айталық, қалада Д. Қонаев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп-гимназиясында білім ордасының ауласын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары ұйымдастырылды. Шараға бірінші сынып оқушылары мен балабақшаның мектепалды даярлық тобының бүлдіршіндері ерекше белсенділікпен қатысып, мектеп ауласына барқытгүл көшеттерін екті. Бүлдіршіндердің табиғатқа деген қамқорлықты кішкентай кезінен бойына сіңіріп, ортақ іске атсалысуы - тәрбиелік мәні зор қадам. Олар үлкендердің көмегімен гүл егіп қана қоймай, қоршаған ортаны таза ұстаудың маңызын терең түсінді. Ал мектеп түлектері алтын ұя мектебінің ауласына жас шырша көшеттерін тарту етті. Айта кетейік, игі шара білім беру ұйымдарына арналған қалалық экологиялық марафон аясында өтті.