Майдангер, еңбек ардагері Мыңбай Жаулиннің туғанына 100 жыл толуына орай Байғанин ауданының Ноғайты ауылында тағылымды шара өтті. Бұл күні жасөспірімдер арасында волейболдан республикалық турнир ұйымдастырылды. Батыр рухына тағзым еткен шараға журналистер, спорт ардагерлері мен ауыл тұрғындары қатысты. Елдің әр өңірінен келген сегіз команда екі күн бойы тартысты ойын өрнегін көрсетті. Нәтижесінде Алматы қаласынан келген команда жеңіс тұғырынан көрінсе, Ноғайты ауылындағы Сағыз орта мектебінің құрамасы екінші орынды иеленді. Ал үшінші орын Алға ауданы Маржанбұлақ ауылының волейболшыларына бұйырды. Осылайша, Ноғайты ауылында өткен басқосу ауыл жұртшылығын, ардагер ұрпақтарын, спортшылар мен қонақтарды бір арнаға тоғыстырды.