Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл толуына орай қалада тағылымы мол іс-шара өтті. Мәдениет үйінің алдында орналасқан ұлы тұлғаның еңселі ескерткіші маңына зиялы қауым өкілдері мен өнер сүйер жұртшылық көп жиналды. Салтанатты жиынға Жұбановтар әулетінің ұрпақтары, мәдениет саласының майталмандары, жергілікті билік өкілдері, сондай-ақ Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледж студенттері қатысты. Жиналған қауым қазақ музыка өнерінің негізін қалаушылардың бірі болған дара тұлғаның рухына тағзым етіп, ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойды. Іс-шара барысында қатысушылар Ахмет Жұбановтың ұлт мәдениетін дамытудағы ерен еңбегін ерекше атап өтті. Ол - қазақтың кәсіби музыка өнерінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан композитор, дирижер, ғалым әрі ағартушы. Тағылымға толы бұл күн - ұлт өнерінің шамшырағына айналған тұлғаның рухына көрсетілген құрмет қана емес, жас ұрпақтың тарихи жады мен рухани сабақтастығын жаңғыртқан маңызды сәт болды.