Шалқарда №4 жалпы орта білім беретін мектептің 30 жылдығы атап өтілді. Тарихы тағылымға, өткені өнегеге толы білім шаңырағында мәдени шара ұйымдастырылды. Салтанатты кештің шымылдығын аудан әкімі Жанболат Жидеханов жүрекжарды лебізімен ашып, білім мен еңбекті ұлықтаған ұстаздарға ерекше құрмет көрсетті. Көпшілік алдында еңбегімен көзге түскен мұғалімдер марапатталды. Кештің шоқтығы биік сәттерінің бірі – мектеп директоры Гүлнәр Отарбайқызының көпжылдық тәжірибесінен туған “Бақытқа барар жол” атты кітабының жарық көруі болды. Рухани құндылыққа толы туындының тұсауын Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жанғабыл Қабақбаев кесіп, бұл еңбектің тәрбиелік мәнін ерекше атап өтті. Тырнақалды туынды – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған “Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс” қағидатына негізделген. Онда отбасы тәрбиесінің алтын діңгегі – әке мен ананың рөлі кеңінен көрініс тапқан. Сондай-ақ, мәдени шарада мектеп оқушылары өнер көрсетті.