Балалар әдебиеті жаңа туындымен толықты. Бүгін Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық кітапханада жас оқырмандарға арналған кітаптың таныстырылымы өтті. Авторы- өңірге танымал журналист, қоғам қайраткері Бақытхан Құрманқызы Жанша. Кітаптың салтанатты тұсаукесер рәсіміне студенттер , облыстық мәслихат өкілдері және кішкентай оқырмандар жиналды. «Мөлдір әлем» атты әңгімелер жинағы қаламгердің шығармашылық жолындағы маңызды белесі, оқырманмен қауышқан қуанышты сәті деуге болады. Бақытхан Жанша балалар әдебиетінің маңызы туралы айтып, шығарманың жазылу тарихымен бөлісті. Автордың айтуынша, бұл кітап достық, адалдық және арманға сену сияқты құндылықтарды дәріптейді. Мұндай кездесулер жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, рухани дамуына жол ашады деген сенімде. Кітаптың алғашқы тиражы 400 данамен шығып, облыс, қала кітапханаларына сыйға беріледі.