Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты жаңа Ата заңның күшіне енуіне орай «Жаңа Конституция - орнықты дамудың институционалдық және құқықтық негізі» атты ғылыми-практикалық конференция өткізді. Ақтөбе облысының жұртшылығы жиынға онлайн қосылды. Жиында жетекші қазақстандық ғалымдар, Конституциялық Сот пен Конституциялық комиссияның, жоғары оқу орындары мен сарапшылық институттардың өкілдері баяндама жасады. Ата Заң мәтінінің барша азаматқа қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында Үкіметтің бастамасымен «Инклюзивті қоғам үшін Конституция» жобасы аясында Брайль қарпімен басылған Қазақстан Республикасы Конституциясының таныстырылымы өтті. Жиын қорытындысында қатысушылар Конституцияның ел дамуының жаңа кезеңіне берік институционалдық әрі құқықтық негіз қалыптастырғанын алға тартты.