Бүгіннен бастап елімізде жаңа Ата заң ресми түрде күшіне енді. Ұзақ талқылаудан өткен басты құжат қоғамда көтерілген өзекті мәселелердің басым бөлігін қамтып, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды өзгерістерді бекітті. «Ақтөбе Медиа» жеке cеріктестігінің баспасөз клубында жаңа Конституцияның маңызы талқыланды. Жиынға журналистер, прокуратура мен сот органдарының өкілдері, ғалымдар, мемлекеттік қызмет ардагерлері, қоғам өкілдері қатысты. Жаңа Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтуге, заң үстемдігін күшейтуге және билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз етуге басымдық береді. Құжатты әзірлеу барысында қоғам өкілдері мен сарапшылардың ұсыныстары ескеріліп, көпшіліктің көкейінде жүрген негізгі мәселелер көрініс тапты.