Наурыз мерекесінде Шалқар ауданының тұрғындары қуанышқа кенелді. Баспанаға мұқтаж жандарға 34 пәтердің кілті табысталды. Су жаңа үйлер бұл жолы - көп балалы, аз қамтылған, толық емес және ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларға берілді. Ұлыстың ұлы күнінде ауданы әкімі дәл осындай ақжолтай жаңалықтың жаршысы болып, пәтер иелерінің қуанышымен бөлісті. Қоныс той иелеріне ізгі тілегін жеткізіп, жаңа баспаналарының берекелі шаңыраққа айналуына тілектестік білдірді. Сонымен қатар, мерекелік шара басында қоғамдағы отбасы құндылығы дәріптеліп, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет көрсетілді. Ел алдында үлгі болып жүрген бірқатар азаматқа салтанатты түрде құрметті марапаттар табысталды. Мәдени шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ұлттық салт-дәстүріміз ұлықталды.