Осы және егін шаруашылығының өзге де мәселелері Қарғалы ауданында өткен "Егінжай күні" шарасында талқыланды. Бұндай семинар бірқатар қожалық, өсімдік шаруашылығы саласына қатысы бар өкілдер үшін аса маңызды. Дәлірек айтсақ, шараға облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин, сондай-ақ, аудандық ауылшаруашылығы бөлімдерінің өкілдері мен аграрлық салаға қажетті заманауи техника шығарушы өндіріс иелері қатысты. Бұдан өзге, семинарға көрші Қостанай облысының да өкілдері келді. Белгілісі, мемлекет басшысы аграрлық секторды экономиканың драйверіне айналуы керек деген міндет жүктеді. Жыл сайын ауыл шаруашылығы саласының дамуына қыруар қаржы жұмсалуда. Агротехнологиялық талаптарды сақтау - ең негізгісі. Көшпелі семинарда Қарғалы ауданындағы "Интер-Агро" және "Дилэнд" серіктестіктерінің егін алқабында қолданылатын заманауи технологияны енгізу жұмыстары таныстырылды. Мәселен, "Дилэнд" барлық заманауи технологияларды сай келетін сегіз мың гектар алқапқа арпа,майлы дақылдар, бидай еккен. Кейбір дәнді дақылдар - ақтөбелік селекционерлердің еңбегінің жемісі.
ҚАЙРАТ БАЙТҮЛІК, "ДИЛЭНД" ЖШС ДИРЕКТОРЫ
-жергілікті селекцияны 2011 жылдан бастап қолдандық. Жаңа сұрыптарды пайдаланып жүрміз. Мысалы, бидайдың "Степная 60" деген түрін ектік. Ол жұмсақ, қызыл дәнді. Нәтижелері жаман емес. Біздің ақтөбелік арпаның да сұрпы қатты қызықтырып, биыл алқапқа тұқымын септік. Өте жоғары көрсеткіштер көрсетуде.
Сонымен бірге, мол өнім алу үшін заманауи аграрлық техникаларды пайдаланған жөн. Семинарға Ресей мен Канададан ауылшаруашылығы техникаларын соңғы технологиялармен шығаратын компания өкілдері келді. «БорДо Индастриес» канадалық көлік фирмасының өнімдері таныстырылды. Айтып өтейік, бұндай техниканы Ақтөбе облысындағы кейбір құрылымдар пайдаланып жүр. Оған шаруалар оң бағасын беріп үлгерді. Диқандар бұндай көлік құралдарын алуға мемлекеттік қолдауларды пайдалануға болатындығын айтады. Кететін шығын тез өтеледі.
ДЖОН БАТЮК, "BOURGAULT" КОМПАНИЯСЫНЫҢ ЭКСПОРТ БОЙЫНША ДИРЕКТОРЫ
- Қазақстан мен Канаданың ауа райы өте ұқсас. Жердің өңделуі де бірдей. Құрал-саймандар мықтылығымен және инженерлік инновацияларымен ерекшеленеді. Автоұшқыш, навигация және өзге де технологиялар бар. Ақтөбе облысындағы екі компания канадалық өнімді пайдалануда. Біз тырмалар, егу кешендерін, топырақ өңдейтін құрылғылар жеткіземіз.
"Интер - Агро" серіктестігінің егін алқабында құрғақшылыққа төзімді дақылдарды егуді көбейту мәселесі қаузалды. Мұнда биыл бал жүгері, ноқат, соя, мақсары егілген. Сонымен бірге, Ақтөбенің шеткері аумағында өсірілген өсімдіктердің бірнеше сұрпы таныстырылды. "Еламан - 2014" ЖШС-де көкөністі бүркіп суару әдісіне назар салды.
МИРЖАН ӘЛЖАНОВ, "ЕЛАМАН - 2014" ЖШС ДИРЕКТОРЫ
- Суару әдісі израильдік компания тәжірибесінен алынды. Әр 12 метр сайын құбырлар жатса, 10 метр сайын спринкерлер орнатылады. Қалай суару керектігі қолданғаныңа байланысты. Су шығыны өте аз. Жүйені пайдалану ыңғайлы.
Сондай-ақ, семинар қатысушылары "Пригородный" серіктестігіндегі күздік бидай алқабын көрді.
Гүлбағда Қайратқызы