"Абай әлеміндегі ұлылар үндестігі". Осындай атаумен Пушкин саябағында мәдени шара өтті. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы мен орыс әдебиетінің классигі Александр Пушкиннің шығармалары жас буынға жіті таныстырылды. Бұл қазақтың бас ақынының 175 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды
Мәдени кештің шымылдығы ақынның сөзіне жазылған танымал әнмен түрілді. Шығармашылық кешті өткізу үшін саябақтың таңдалып алынғаны тегін емес. Өйткені Абайдың орыс әдебиетімен таныстығы Александр Пушкиннің шығармаларынан бастау алды. 
Ұлы ойшыл орыс шығармаларынан өз туындыларына арқау болар ой тапты. Абай қазақ халқын алғаш боп Пушкинмен және орыстың өзге де ақын-жазушыларының шығармаларымен таныстырды. Абайды насихаттау тек мерейтоймен ғана шектеліп қалмайды деді- жауапты мамандар. 
Мәдени кештің мақсаты ұлы тұлғаның шығармасын жас ұрпаққа таныстырып, терең меңгерту. Әрі поэзия әлемі мен әдебиетке деген құштарлығын ояту. Жас өрендер қос ақынның өлеңдерін жатқа айтып, көпшілікке танымал әндерін нақышына келтіріп орындады.