"ТАЗА ҚАЗАҚСТАН" АКЦИЯСЫНА 400 МЫҢНАН АСТАМ АҚТӨБЕЛІК ҚАТЫСТЫ
400 мыңнан астам ақтөбелік «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасына қатысып, азаматтық белсенділігін танытты. Нәтижесінде 117 мыңға жуық аула, 1800 әлеуметтік нысан, 370-ге тарта саябақ пен сквердің аумағы тазартылды. Табиғат жанашырлары өзен-көлдер мен су қоймаларының жағалауларын да қоқыстан арылтты. Биыл 45 мың шақырымнан астам жағалау ретке келтірілді. Қала сыртындағы полигонға 44 мың тонна қоқыс шығарылған. Сонымен қатар 53 мың 500 метрден астам арық жүйесі тазаланды. Елді мекендерде 50 мыңнан жоғары көшет отырғызылды. Орман қорын молайту мақсатында биыл 6 миллион тал-терек егу жоспарланды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.