Шыңғыс Айтматовтың әйгілі «Қызыл орамалды шынарым» повесінің желісімен сахналанған «Қош дегім келмейді» драмасы ақтөбелік көрерменге жол тартты. Қойылымда адал махаббат, адам таңдауы мен өмірдің күрделі шешімдері терең көркемдік тілмен өрнектеледі. Спектакльдің режиссері - Әли Бидахмет. Сахна туындысы көрерменді Ілияс пен Әселдің тағдыры арқылы сүйіспеншілік, жауапкершілік және уақыт сынынан өтетін сезімдер туралы ойлануға жетелейді. Театр ұжымы әсерлі актерлік ойын мен заманауи сахналық шешімдер арқылы шығарманың жаңа қырын ашып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.