Өткен демалыста қала күніне орай Триатлон паркінде ауқымды марафон өтті. Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған шараға қала тұрғындары мен еліміздің түрлі өңірлерінен келген 1500-ден астам адам қатысты. Жарыс таңғы сағат 06:00-де басталып, түске дейін жалғасты. Биылғы жарысқа кәсіби спортшылармен қатар жүгірумен әуесқой айналысатындар, балалар, жастар және егде жастағы тұрғындар белсенді қатысты. Қатысушылар 3, 10 және 21 шақырымда бақ сынады. Барлық мәреге жеткен қатысушыға арнайы естелік медальдар табысталды. Ал 21 шақырым және 10 шақырым қашықтықтары бойынша үздік нәтиже көрсеткен жеңімпаздар ақшалай сертификаттармен және грамоталармен марапатталды. Марафоншылар спорттық шараның салауатты өмір салтын ұстануға және спортпен айналысуға мүмкіндік бергенін айтады.