Бірі би, бірі батыр, бірі әулие құмында бабалардың ізі қалған... Осындай атаумен Шалқар ауданында облыстық конференция өтті. Келелі отырыс осынау өңірден шыққан батыр бабаларымыздың рухын ұлықтау арқылы елдің бірлігін нығайту, аудан жастарының бойына патриоттық рух қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраларды жинақтау арқылы музей қорын жаңа жәдігерлермен толықтыруға бағытталды. Конференцияда сөз алған зерттеуші ғалымдар, тарихшылар мен өлкетанушылар: "Облыс аумағындағы эпиграфиялық ескерткіштер", "Алтын Орда дәуірінің ғажайып ескерткіші" және "Өлкетану зерттеулерінің орны" атты бірнеше өзекті тақырып төңірегіндегі ғылыми зерттеулерін қатысушылар назарына ұсынды. Ал Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебінің "Халық аспаптар оркестрі" сахна төрінде көрерменін күймен баурады.