Биыл облыс аумағында 89 өрт тіркелді. Салдарынан 2 адам қаза тауып, төртеуі түрлі дене жарақатын алды. Қызыл жалыннан келген материалдық шығын 46 млн теңгені құрады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мәлімдеді. Сондай-ақ, 30 орман өрті орын алды. Құтқарушылар күннің күрт жылынуымен тілсіз жаудың алдын алу мақсатында тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтануға шақырады. Осы бағытта өңірде мобильді топтар құрылып, жұмысын бастады. Профилактикалық рейд барысында өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған азаматтарға әкімшілік айыппұл салынады.