Ойыл ауданында, Ойыл ауылының кіреберісіндегі су тасқынынан зардап шеккен көпірдің негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта нысан уақытша техникалық өткел ретінде пайдалануға дайын.
Жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, көпірдің толық құрылысын аяқтау үшін қалған жұмыстар маусым айында тәмамдалады деп жоспарланып отыр. Жалпы көпірдің ұзындығы 280 метрді құрайды. Құрылыс барысында бұрғылау жұмыстары жүргізіліп, 70 қада қағылған. Оның ішінде 30-дан астамы 26–38 метр тереңдікке орнатылған. Сонымен қатар, көпірдің 8 тіреу аралығына 56 тастама орналастырылды. Алдағы кезеңде тастамалардың үстіне бетон құю және асфальт төсеу жұмыстары жүргізіледі. Айта кетейік, бұл көпір өткен жылғы су тасқыны салдарынан зақымданып, өңір тұрғындары үшін маңызды көлік қатынасы уақытша шектелген болатын. Құрылыс жұмыстары жол қатынасын қалпына келтіру мақсатында жүргізілуде.