Аймақ басшысы Асхат Шахаров өңірге жұмыс сапарымен келген «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының төрағасы Қанат Шарлапаевпен кездесті. Өңірдегі шағын және орта бизнесті дамыту, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құру мәселелері талқыланды. Облыста бүгінде 93 мыңға жуық кәсіпкер тіркелген. ШОБ саласында 185,1 мың адам жұмыспен қамтылған. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде Ақтөбе облысы жеңілдетілген несиелер көлемі бойынша өзге өңірлермен салыстырғанда 4-ші орында тұр. 2025 жылдың қорытындысында 864 жоба қолдау тапқан. Оның ішінде 508 жоба субсидиялау, 331 жоба кепілдендіру, 14 жоба инфрақұрылым тарту және 11 жоба гранттық қаржыландыру аясында жүзеге асырылды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Кездесу барысында инвестициялық жобаларға да ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, өңір басшысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасын бизнес пен мемлекет арасындағы «алтын көпір» деп атап, өңірдегі кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы бірлескен жұмыстың жалғасатынын жеткізді.