1 наурыздан бастап облыс аумағында азаматтарды көктемгі әскерге шақыру науқаны басталады. 30 маусымға дейін шамамен 1200 азаматты мерзімді әскери қызметке тарту жоспарланып отыр. Олар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, Ұлттық ұланы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі және Мемлекеттік күзет қызметінің қатарын толықтырады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәжілісінде жауапты орган өкілдері мәлімдеді. Биылғы науқанда азаматтарды хабардар ету жүйесі айтарлықтай жаңғыртылған. Мемлекеттік қызметтерді жетілдіру аясында шақыру процесі цифрлық форматқа көшірілді. Енді шақыру пункттеріне келу қажеттілігі туралы хабарламалар SMS арқылы, сондай-ақ электрондық үкімет порталы арқылы жолданады.Жауапты мамандардың айтуынша, бұл тәсіл уақыт үнемдеп қана қоймай, шақыру науқанының ашықтығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ал әскерден жалтарғандарға жаза қарастырылған.