Преамбулада алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдықтары ретінде жазылады. Мемлекеттік кеңесші – Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин осылай деді. КСМ: Оның айтуынша, Конституцияның басты жаңашылдығы енгізілген түзетулердің көптігінде емес, оның жаңа тұжырымдамалық мазмұнында. Конституция – тек заң нормаларының жиынтығы емес. Ол мемлекеттің және қоғамның дамуын айқындайтын негізгі құндылықтарды, қағидаттар мен бағдарларды бекітетін басты құжат. Сондықтан жаңа Конституцияның идеялық өлшемі мен мазмұнына ерекше назар аудару қажет. Конституцияның баптары мен бөлімдері жай ғана өңделген жоқ, олар жаңа мазмұнмен, жаңа мағынамен қайта жазылды. Сонымен қатар Конституцияның кіріспесінде мемлекеттігіміздің тарихи жолы мен өркениет бастаулары көрсетіледі. Ерлан Қарин Конституциядағы түбегейлі өзгерістердің айқын көрінісі ретінде преамбуланы мысалға келтірді.