Президент Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринмен және Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевпен жұмыс кеңесін өткізді. Ерлан Қарин Мемлекет басшысына Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы қызметінің аралық нәтижелері туралы мәлімет берді. Мәселен, e-Otinish мемлекеттік платформасы мен Egov сервисінің «Парламенттік реформа» арнайы бөлімі іске қосылғаннан бері 500-ге жуық ұсыныс келіп түскен. Халық арасынан, сарапшылардан және қоғамдық ұйымдардан жолданған ұсыныстар мен бастамаларды талдау, жүйелеу жұмыстары жалғасып жатыр. Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының бұған дейінгі отырыстарында бір палаталы Парламентті қалыптастыру және оның заңнамалық функцияларын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентті реформалау саяси жүйені трансформациялау үдерісінде ерекше рөл атқаратынын атап өтіп, алда ауқымды өзгерістер күтіп тұрғанына назар аударды. Сондай-ақ барлық бастаманы жан-жақты саралап, оның негізінде конституциялық реформаның базалық тәсілдерін әзірлеуді тапсырды.