Қобда, Нева суларын сүйіп өскен қазақтың даңқты қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойы өзінің туған жері, батырлар мекені Қобда ауданында өтті. Ғасыр тойына ҚР Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев, өзге де мемлекет және қоғам қайраткерлері, батыр қыздың туыстары, 1942 жылы Әлия білім алған Ресейдің Ярослав облысынан, жерленген жері Псков облысынан меймандар келді. Олар алдымен мерген арудың кіндік қаны тамған Бұлақ ауылына табан тіреп, оның рухына тағзым етті. Ал негізгі мерекелік шара аудан орталығындағы этно ауылда жалғасты.