Арнамызда жыл сайын өтетін «Super келіншек» сайысы «Пай-пай шіркін, қазақтың келіндері-ай» деген атпен биыл тағы да ұйымдастырылды. Байқауға мемлекеттік қызмет пен үйдегі міндетін қатар алып жүрген келіндер қатысты. Өзара сайысқа түсіп, салт-дәстүрімізді насихаттады. Біліктілігі мен білімін көпшілікке паш ете білген олар жылы пікірге ие болды.
Бұл жобада әулеттің түтінін түтетіп, берекесін кіргізіп, ырысын арттырып отырған, қоғам алдындағы қызметін қатар алып жүрген келіндер сайысқа түсті. «AQTO’BE» арнасында түсірілген бұл хабардың әр шығарылымында «Қонақ күту әдебі», «Бала тәрбиесі», «Ауыл тірлігіндегі келіндер», «Жеңгелік міндет» сынды тапсырмалар арқылы бақ сынады. Оған аспаз, психолог, шебер, зергер, ауылда тұратын аналар тәлімгер ретінде қатысып, келіндер жұмысын бағалады. Қазылық еткен зейнеткер Сара Байғожина «жүзіктің көзінен өткен келіндерімізді бағалау қиын болды» дейді.
Байқауға 5 үміткер қатысты. Сынақтан сүрінбей өтіп, оқ бойы озып шыққан жүлдегерге «Super келіншек» номинациясы берілді. Мемлекеттік қызметте 3 жылдық еңбек өтілі бар Әйгерімді қазылар алқасы осы атаққа лайық деп таныды. Ол бұл бәсекеде өзінің салт-дәстүрге жетік екенін көрсете білген.
Сайысқа қатысқан өзге де келіндерге «Супер келін», «Ибалы келін», «Қонақжай келін», «Үлгілі келін» номинациясы берілді. «Ибалы келін» атанған Динара Биманиязева «Баланы бесікке бөлеу» сайысында өзінің қалт кеткен тұстарымен бөлісті.
Отбасы құндылығын дәріптейтін "Шаңырақ шаттығы" бағдарламасының редакторы Әлия Оразай байқау жетекшісі болды. Ол "Ақтөбе" телеарнасының 60 жылдығы қарсаңында өткен үлкен жобаның маңызына тоқталды.
Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар ұсынылады. Бұл шараны өткізудегі телеарнаның мақсаты - келін мектебін жандандыру! Биылғы сайыс біз айтқан үдеден шықты деген сенімдеміз.
Дархан Мектепбай