Дәл осы Хромтаудағы №7-ші мектеп-гимназияда  оқушылар форумы өтіп, "Адал ұрпақ" еріктілер клубы құрылды. Клубтың мақсаты - патриоттық тәрбие беру, салауатты өмір салтын насихаттау, отансүйгіштікке баулу. Белсенді мектеп оқушылары  ағартушылық, әлеуметтік, ақпараттық бағыттарда жұмыс жүргізбекші. Қайырымдылық істер де назардан тыс қалмайды. Клуб жанынан  "Адалдық дүкені" де ашылды. Олардың айтуынша,  сыбайлас жемқорлықпен күресті мектептен бастау керек. Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына - 31 жыл. Осыған орай  Хромтау тау-кен техникалық  жоғары колледж оқушылары  ардагерлермен кездесті. Жастар аға буынның тағылымы мол, мазмұнды әңгімесін тыңдады, көкейкесті сауалдарын қойды. Соғыс ардагерлері Әділжан Кужбанов, Айсұлтан Балмұқанов пен Марат Қойлыбаев шет жердегі әскери қызметтері туралы естеліктерімен бөлісіп, қарулас достарын  еске алды. Ерлік,  Отан алдындағы әскери борыш туралы жастарға әңгімелеп берді.