«Тәуелсіздік - жыр, әнім». Ақтөбеге жас жыршылар, балғын ақындар жиналды. Қаламызда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында республикалық шығармашылық фестивалі өтті. Оған еліміздің барлық аймақтарынан 30-дан астам мектеп оқушылары қатысты. Фестивальдің ұйымдастырушысы облыстық тілдерді дамыту басқармасы.
Шығармашылық фестивалі Рухани жаңғыру бағдарламасы шеңберінде Тәуелсіздік мерекесіне орайластырылды. Қазақ тілінің мәртбесін, қолдану аясын кеңейтуге, қазақ халқының рухани мұрасын насихаттауға арналды. Тілге шешен, сөз өнеріне жақын, ділмар таланттарды анықтап, қолдау көрсету,- дейді ұйымдастырушылар.
Фестиваль 3 кезеңнен тұрды. Бала ақындар «Тәуелсіздік тартуы» атты жыр мүшәйрасында жарысса, жыршылар «Көмейден жыр ағылсын» байқауында, ал «Таза, мінсіз асыл сөз» кезеңінде шешендік өнер бойынша сайыс өтті. Еліміздің барлық өңірлерінен келген 32 талантты жасөспірім байқау барысында өлең, жыр оқыды. Сонымен бірге, фестивальге келген жас өрендер Ақтөбенің көрікті жерлерін аралады.
Фестиваль бұған дейін қалалық, облыстық деңгейде өткен болатын. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар, алғыс хаттар табысталды.
Венера Серғазина