Ақтөбеде жоғарғы оқу орындарын бітіретін түлектерді жұмысқа орналастыру шаралары қолға алынды. Биыл мыңдаған жас маманды еңбекпен қамту жоспарда бар. Оның ішінде Жұбанов университетін тәмамдайтын студенттердің 80 пайызы, ауыл-аймақтар мен өндіріс орындарына жолданбақ. Бүгін олармен аудан әкімдіктерінің өкілдері кездесті.
Төрт жыл бойы оқып, бастауыш класс мұғалімі мамандығын меңгерген Елана Кенішбайдың қазірдің өзінде жұмыс орны дайын. Қолына диплом алған соң, Қарғалы ауданындағы №60 орта мектепке барып, алғашқы еңбек жолын бастайды. "Серпін" бағдарламасы аясында Қызылордадан келген болашақ маман енді келісім бойынша осы өңірде еңбек етуі тиіс.
Елена секілді биыл Құдайберген Жұбанов атындағы университетті 1749 студент бітіреді. 54 мамандық бойынша білім алған оларды жұмысқа орналастыру мәселесі күн тәртібінде. Оқу орны басшылығының мәлімдеуінше, қазірдің өзінде түлектерге сұраныс бар. Тау-кен ісі мен металлургияны меңгерген жастардың барлығын "Қазхром" ТҰК жұмысқа алуды уәде етсе, білім бағыты бойынша бітіргендердің басым бөлігі аудандарға жолданады.
Хромтау, Темір және Қарғалы аудандарына мамандар көп қажет. Университетті биыл тәмамдайтын түлектермен бүгін аудан әкімдерінің орынбасарлары кездесті. Жас мамандарға ұсынатын жұмыс орындары, олар үшін жасалатын жағдайлар туралы жеткізді.
Жалпы, Ақтөбедегі алты жоғары оқу орынын биыл бес мыңға жуық студент бітіріп шығады.