Телефон алаяқтарының арбауына түскен 71 жастағы зейнеткер пәтерінен айырылды. Алаяқтар өзін түрлі мекеменің қызметкері ретінде таныстырып, әйелді несие рәсімдеуге және баспанасын сатуға көндірген. Барлығы WhatsApp арқылы түскен қоңыраудан басталған. Белгісіз адам өзін «Энерго Снаб» серіктестігінің қызметкері ретінде таныстырып, электр есептегішін ауыстыру қажет екенін айтып, 1414 нөмірінен келген растау кодын сұраған. Артынша алаяқтар eGov порталы мен Ұлттық Банктің қауіпсіздік қызметінің өкілдері ретінде хабарласқан. Нәтижесінде алданған әйел баспанасын 7,5 миллион теңгеге сатып жіберген. Банк қызметкерлері күмәнді операцияны байқап, бірнеше мәрте ескерту жасағанымен, алаяқтардың психологиялық ықпалында болған зейнеткер олардың сөзін елемеген.