Шалқар қаласында №2 мектеп-гимназиясының 80 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтілді. Білім ордасы осынау тарихи жылдар ішінде сан мыңдаған оқушыны тұлға етіп қалыптастырып, арманға қанат қақтырған қасиетті мекен. Алтын ұядан сан саланың үздіктері мен талантты тұлғалар түлеп ұшты. Бүгінде жас буынды білім нәрімен сусындатып, еліне қызмет ететін саналы азаматтарды тәрбиелеп келеді. Айтулы шараға барысында мәдени шара мен бірқатар маңызды жиын, тіпті көрме де ұйымдастырылып, онда мектеп тарихынан сыр шертілді. Сондай-ақ, мерейтойға орай жарыққа шыққан жаңа басылым, көрермен назарына ұсынылды. Ал арнайы шақырылған құрметті меймандар, мектеп ардагерлері, түлектер мен білім ордасының ұжымы ақжарма тілегін арнап, мектептің келешегіне зор сенім білдірді.