Ауған соғысының ардагері Аслан Балқасыновты еске алуға арналған турнир өтті. Шағын футболдан өткен жарысқа мемлекеттік органдардан құралған 12 команда қатысып, алаңда тартысты ойын өрнегін көрсетті. Көзі тірісінде Аслан Нұрқасынұлы қызметі мен қоғамдық еңбегі үшін «Құрмет» және Бауыржан Момышұлы атындағы ордендермен марапатталған. Спорттық бәсекенің ашылу салтанатына марқұмның туған-туыстары, достары мен әріптестері жиналып, оның өмір жолын еске алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнирдің басты мақсаты – елге адал қызмет еткен азаматтың есімін ұлықтап, жастар арасында отансүйгіштік рухты нығайту.