"Қазақстан" телерадиокорпарациясының қолдауымен аймақтық арналар арасында өндірістік тәжірибе алмасу үрдісі жүйелі жолға қойылып келеді. Жуырда ғана біздің тілшілеріміз Қарағанды облыстық "Сарыарқа" телеарнасының тыныс-тіршілігімен танысып қайтса, бұл жолы Абай облысының "Семей" арнасының журналистері "Ақтөбеге" арнайы іссапармен келді. Басты мақсат – өңірлік телеарналар арасындағы өзара байланысты нығайту, ақпараттық-шығармашылық жұмыстардың әлеуетін арттыру. Сонымен қатар, әріптестер заманауи журналистиканың өзекті бағыттарын саралап, мазмұнды әрі сапалы контент әзірлеудің озық үлгілерімен бөлісуді, эфир мазмұнын байытып, көрермен сұранысына сай өнім ұсынудың тиімді жолдарын қарастыруды көздейді.