Jблыс әкімі «Қарғалы» тұрғын алабындағы Песчанка өзені бойында жүргізіліп жатқан жағалауды бекіту жұмыстарының барысымен танысты. Мұнда 800 метр аумақта су арнасы кеңейтіліп, тереңдетілген. Құрғаған ағаштардан тазартылып, жағалауы бекітілген. Аталған жұмыстарға жалпы құны 26 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған.
Ал қала әкімі Азамат Бекет аймақ басшысына қарды жаппай шығару жұмыстары ұйымдастырылғанын жеткізді. Қазіргі уақытта, Мәскеу, Қалалық сүт зауыты, Малышка, Шанхай, Құрмыш аудандары мен шаһардың ескі бөлігінен қар шығарылуда. Қараша айынан бері арнайы полигонға 364 мың текше метр қар тасымалданған. Сонымен қатар, арықтар мен каналдар қар мен мұздан тазартылып жатыр. Қаладағы еріген және жауын-шашын суларын бұру жүйесі толық ретке келтірілді. Оның жалпы ұзындығы 61,6 шақырымды құрайды. Жалпы, биыл су тасқынына қарсы іс-шараларды жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 639 млн теңге қарастырылған. Жартысынан астамы тікелей су тасқынына қарсы жұмыстарға, ал қалған бөлігі еріген және жауын-шашын суларын жыл бойы сорып шығаруға бағытталған.