Аймақ журналистикасының ардагері, телевизия үздігі Бибізада Көздібаева өмірден өтті. Ол 1937 жылы Қарабұтақ ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын Темір аудандық газетінен бастады. Тәжірибе жинақтап, қаламын ұштаған соң Алматыдағы Киров атындағы университеттің журналистика факультетіне оқуға түседі. Сол жерде ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтен дәріс алған. Жоғары оқу орнын тәмамдаған жас маман 1966 жылы Ақтөбе облыстық телерадиокомитетіне жұмысқа орналасады. Білікті журналист, білгір маман төл арнаға ғұмырының 30 жылын арнады. Алғашқыда редактор, кейін аға редактор қызметтерін абыройлы атқарды. Әсіресе, балалар редакциясында еңбек ете жүріп, жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне, оқушылардың өнерлі әрі өнегелі болуына өлшеусіз үлес қосты. Телерадио саласындағы қажырлы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Бибізада Сәрсенбайқызы Ақтөбе өңірінен «КСРО Телевизия және радио үздігі» төсбелгісін иемденген жалғыз журналист. "Aqtobe " телеарнасының ұжымы ардагер әріптесіміздің отбасы мен туыстарына қайғырып көңіл айтамыз.