Мемлекет басшысы Конституциялық комиссияның төрағасы Эльвира Әзімованы қабылдады. Сондай-ақ кездесуге комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин мен комиссия мүшесі Ержан Жиенбаев қатысты. Президентке Конституциялық комиссияның отырыстары туралы ақпарат берілді. Эльвира Әзімова комиссия қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында барлық отырыс медиа кеңістікте, соның ішінде арнайы телеграмм арналар арқылы тікелей көрсетіліп жатқанын баяндады.


Электронды платформаға азаматтардан, құқықтанушы ғалымдардан, сарапшылардан, партиялардан, бизнес қауымдастықтардан 2 мыңнан аса ұсыныс пен бастама келіп түскен. Осыған дейінгі отырыстарда комиссия мүшелері Конституция преамбуласының түбегейлі жаңа редакциясын, бірқатар бапты және бөлімдерді әзірлеп, қарастырды. Мемлекет басшысы алдағы Конституциялық реформа еліміздің дамуына тың серпін беретінін атап өтті. Ал Комиссия жұмысы Конституциялық реформаларды іске асыруда өте маңызды рөл атқаратынын жеткізді.