Бүгін Қызылордада Ұлттық құрылтайдың секцияларының отырысы басталады.
Атап айтқанда, 20 қаңтар күні Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтеді. Отырысқа Мемлекет басшысы, танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектордың, бизнес-қауымдастықтардың, сараптамалық қауымдастықтың және облыстардың қоғамдық кеңестерінің өкілдері қатысады деп жоспарланған.
Ал 19 қаңтар күні 4 жұмыс секциясының отырысы өтеді:
– «Азаматтық қоғам»;
– «Экономикалық даму»;
– «Әлеуметтік-мәдени даму»;
– «Білім және ғылым».
Ұлттық құрылтай мүшесі Серік Ақылбайдың айтуынша, Ұлттық құрылтайдың Қызылорда қаласында өтетін бесінші отырысына дайындық қарқыны өте жақсы.
- Бұған дейін өткен төрт құрылтайда көтерілген тақырыптар бойынша бірқатар заң қабылданып, біраз мәселе шешілді. Ал 20 қаңтарда өтетін бесінші отырыста Парламентті реформалау тақырыбы қаралады деп ойлаймын. Құрылтай аясында құқықтық ағарту мәселесі туралы сөйлеуім мүмкін. Жалпы биылғы отырыс жылдағыдан ертерек өткелі жатыр және оған қызу дайындық жүріп жатыр, - деді С. Ақылбай.
https://kaz.inform.kz/news/ulttik-kuriltay-bugn-zhumis-sektsiyalarinin-otirisi-bastaladi-39c65a/