Интернет алаяқтардың арбау тәсілдері жаңарып келеді. Бүгінде жасанды интеллектінің көмегімен өтірікті суша сапырып, қарапайым халықты сан соқтыру деректері жиілеген. Мәселен жыл басынан бері облыс аумағында 1500-ге жуық алаяқтық дерегі тіркелген. Оның 250-дейі интернет арқылы оңай олжа табуды көздегендер. Құзырлы орган өкілдері арызданған ақтөбеліктердің істерін жедел қарап, жұмысты жылдамдату үшін барын салады. Нәтижесінде, жымысқы жолмен қолды болған 9 млн теңге кері қайтарылды. Алайда, алаяқтарға алдану фактілері тыйылар емес.