Облыс әкімі Асхат Шахаров Қазақстан Жазушылар Одағының облыстық филиалы мүшелері, яғни ақтөбелік ақындар және жазушылармен кездесті. 


Басқосуда өңірдің рухани-мәдени саласында атқарылып жатқан жұмыстар сөз болды, қоғамға ортақ мәселелер талқыланды. Қатысушылар қол жеткізген жетістіктері мен болашақ жоспарларын да айтты. 


Кездесу барысында сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе филиалының жаңа төрағасы Бауыржан Құрманқұлов ұйымның жоспарын жеткізді. Ақтөбелік ақындар мен жазушыларға жиналатын, бірге жұмыс істейтін орын, қаржылай қолдау қажет. 


Аймақ басшысы ұлы тұлғаларды ұлықтау, ақын-жазушылардың шығармашылығын қолдау, мәдени-рухани шараларды өткізу әрі қарай жалғасатынын, мәдениет пен әдебиет саласындағы мәселелерді шешу үнемі назарда болатынын тілге тиек етті. Қаламгерлерді қоғам игілігі үшін бірлесе жұмыс жасауға шақырды.