5 маусымда лаңкестік оқиға болған 66/55 әскери бөлімінің қызметкерлерінің бірі соттан қатаң жазаламауын сұрап, кінәсін мойындады. Енді бірі қозғалған қылмыстық іспен келіспейтінін жеткізді. Ақтөбе әскери гарнизонының соты Ұлттық ұланның әскери бөлім майорлары - Қайырғали Оразжанов пен Қайнарбек Тастамбековке «қарулы шабуыл кезінде әскери жарғыны бұзды, қызметіне немқұрайлы қарап, жалтарды» деген айып тағып отыр. Алайда күдікті Қайнарбек Тастамбеков өзіне тағылған айыппен келіспейді. Өйткені, сол кездегі айғақтар жойылып кеткен. Егер сот олардың қылмысын дәлелдесе, Қайырғали Оразжановты 2 жылға, Қайнарбек Тастамбековті 3 жылға темір торға жабады. Бүгін сотталушылардың үкім алдындағы соңғы сөздері тыңдалды, ал үкім ертең шығады.