Жастар шетелде алған білімін ел игілігі үшін жұмсамақ. Бұл жат жерде жүріп, көрген-білгенін тірнектеп жинаған жас ақтөбеліктердің пікірі. Қала әкімі Асхат Шахаров ойы озық, өзгеге үлгі етерлік белсенділермен бас қосты. Жырақта жүріп жинаған тәжірибелерін өңір дамуы үшін ұтымды пайдалану керек екенін айтты. 
Еркін форматта өткен кештің қатысушылары шет мемлекеттерде оқып, көрген-білгендерін тоқып келген азаматтар. Кездесу ұйымдастырып, бас қоссақ, білгенімізбен бөліссек деген идея да өздерінікі. Олар Ресей, Малайзия, Польша мен Канада, Франция және Қытайдың беткеұстар жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Бұлардың әрқайсысы түрлі сала бойынша біліктілігін жетілдіруде. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар алыс-жақын шет елден үйренген тәлімін өскен өлкесінде іске жаратпақ. 
Ел дамуы едәуір көш ілгері жатқан шет мемлекеттердің бізге үйретері көп. Білім беру тәсілдері де айтарлықтай өзгеше. Жат жерде біліміңді тереңдету арқылы, көптеген мүмкіндікке ие боласың. Ал, мұны, Отаныңа оралған соң кәдеге жарату - басты мақсат.   
Бүгінде талай қазақ баласы мұхит асып, жат жерде білім алып жүр. Ондағы өмірдің ұнағаны сонша, елге қайтып оралмайтындары да бар. Алайда, осы кездесуге келген жастардың ойы бөлек. Керісінше жиған-тергенін өз өңіріме үйретсем дейді. Идеялары  алуан саланы қамтиды. Мәселен, Францияда жүрген ақтөбелік бойжеткеннің қонақ үй бизнесіне қатысты ой-пікірі шахар басшысын да қызықтырды. 
АҒИЛА ЖАБАС
СТУДЕНТ /ФРАНЦИЯ/
Біз қазақ қонақжай халықпыз. Алайда дәл осы қонақ күту, мейманға қызмет көрсету деген тұстан осалдығымыз байқалып қалады. Мұны өзге елде жүріп анық байқадым. Қазір Өзім білім алып жүрген Францияда дәл осыған қатысты үйренеріміз көп екен. Болашақта мұны іске асырсам деген ниетім бар. 
Шекара асып оқу іздеген жастардың айтары көп. Барлығы да өздерінің жобаларын ортаға тастап, жоспарларымен бөлісті. Бастысы мұны іске асыруда жергілікті биліктің қолдауы бар екені айтылды. 

Владимир Федотов