АҚТӨБЕДЕ ЖАЛАҢТӨС БАТЫР ЕСКЕРТКШІ БОЙ КӨТЕРДІ
Ақтөбе қаласында Жалаңтөс Баһадүрге ескерткіш орнатылды. Қазақ батыры, әскербасы, Самарқан қаласына әмірлік жүргізген Жалаңтөс батырға арналған ескерткіштің салтанатты ашылуына Түркия, Әзербайжан, Ресей мен Өзбекстаннан қонақтар келді. Жалаңтөстің ұрпақтары қатысты. Ел, жер қорғау жолындағы ұлы ерліктерімен ұрпақ жадында сақталған халқымыздың асыл перзенттерінің бірі - Жалаңтөс баһадүр. Мемлекет қайраткері, қолбасшы. 17 жасында Әлімұлы руларының биі болып, 36 жасында Самарқанның әмірі атанды. "Бұл ескерткіш тек қана бір рудың, бір елдің ғана емес, күллі ұлы дала ұлдарына, тарихқа қойылған құрмет. Болашаққа үлгі",-деді аға буын өкілдері.
СВЕТҚАЛИ НҰРЖАН
АҚЫН
Талыққанда маңдайын найза сүйеген, шабыт буғанда тұлпары иегін айға сүйеген қайран Жалаңтөс міне ескерткіш болып Ақтөбеге оралды. Құтты болсын баршаңызға!
БАҚЫТБЕК СМАҒҰЛОВ
ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ
Тау тұлғалы Тұранның осындай ұлдары мен бүгінгі таңға дейінгі ұрпақтар сабақтасты арқасында осы бір ұла даланы тебірентетін төсінде осы бір ескерткіш орнап елдікті, еркіндікті, азаттықты аңсаған халықтың осындай тамаша күні туып отыр.
Жалаңтөс батыр ескерткіші Ақтөбедегі «Сапар» автовокзалы алдындағы алаңға қойылды. Салтанатты ашылуына аймақ басшысы Оңдасын Сейілұлы мен қатар қоғам қайраткерлері, батырдың ұрпақтары қатысты.
Ескерткіш авторлары белгілі мүсінші Ермек Тоқтаров пен Жеңіс Жұбанқосов. Ермек Тоқтаров осыған дейін елордадағы Бөгенбай батыр Жүсіпбек Аймауытов жасаған. Ал Жеңіс Жұбанқосов Ақтөбедегі Әйтеке би, Бөкенбай батыр, Аққағаз Досжанова ескерткіштерін сомдаған мүсінші.
ЖЕҢІС ЖҰБАНҚОСОВ
ЕСКЕРТКІШ АВТОРЛАРЫНЫҢ БІРІ
Ескерткіштің биіктігі 5 метрден асады, ол Ресейдің Свердлов облысында қоладан құйылған. Біз мұнда батырдың рухы мен айбарын мейілінше көрсетуге тырыстық. Менің ойымша, сәтті шыққан дүние болды.
Ескерткіш айналасындағы алаң толықтай абаттандырылған. Белгітас та қойылған. Мұнда батырдың өмірбаяны мен ерлік істері жазылған. Алдағы уақытта бұл жерде Жалаңтөс батыр атындағы шағын саябақ ашылады.