Ақтөбеде 20 жасар келіншек жеке емханалардың бірінде көз жұмды. Медициналық тексеру кезінде қайтыс болған жарының өліміне оның жолдасы дәрігерлерді кінәлап отыр. Ал орталық басшысы қазір бұл оқиға бойынша комиссия құрылғанын айтты. Оқиға қалай, қашан болған? Адам өліміне кім кінәлі?  
Жарынан айырыламын деген ой Айдостың үш ұйықтаса да түсіне кірмеген. Айтпай келген ажал екі отбасыны бірдей есеңгіретіп тастады. Сәби сүюді армандаған жұп жыл жарым уақыт бұрын шаңырақ көтерген еді. Осыған дейін де екеуі бірге дәрігерге қаралып жүрген. Ал осы сапар Гүлдананың дәрігерге соңғы жүгінуі болып отыр. Ол  медициналық орталықта күтпеген жерден көз жұмды.
Енді Айдос Нұрмағанбетов жарының қазасына қатысы бар адамдардың барлығы қылмыстық жауапкершілікке тартылып, әділ жазасын алғанын қалайды.Гүлдана Нұрмағанбетоваға анафилактикалық шоктан көз жұмды деген алдын ала болжам айтылуда. Ол барған медициналық орталық басшысы қазір осы істі тексеру үшін арнайы комиссия құрылғанын айтты. 

ӘЛИЯ  ШАНГАРАЕВА /"ӘЛИЯ" МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
-Ол жас қыз, әуелде де біздің емханаға келген. Осыған дейін оның бойында аллергиялық реакция болмаған. Алдын-ала болжам бойынша келіншек анафилактикалық шоктан көз жұмды. Оған егілген препарат кеңінен қолданылады, аллергиялық реакцияны тексеруді қажет етпейді. Алайда, қыздың ағзасы сол дәріге реакция беріп, анафилактикалық шоктан мерт болды деген болжам бар.


Қазір облыстық денсаулық сақтау басқармасы тексеру жүргізіп жатыр.   Ал ішкі істер департаменті қалмыстық іс қозғаған. 

Азамат Әбілқайыр