Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Ақтөбе» футбол клубының басшылығы және  бапкерлік штабымен  кездесу өткізді.  Жиынға клубтың бас директоры Самат Смақов, бас жаттықтырушы Владимир Муханов, жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Валерий Алемаскин, «Ақтөбе-Жас» клубының бас жаттықтырушысы Игорь Прохницкий, тәуелсіз футбол сарапшысы Николай Иванов, сондай-ақ байқаушы кеңестің  мүшелері қатысты. Аймақ басшысы кездесуде маусым басындағы жастар командасының әжептәуір ойнағанын атап өтті.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

- Біздің жастарымыз Ақтөбеде футбол ойыны бар екенін көрсетті. Сіздің міндетіңіз - бірлікті сақтау, команданың  рухын көтеру, жанкүйерлердің үмітін ақтау үшін  барлық күш-жігерді  біріктіру. Клуб жұмысындағы ашықтықты, тазалық және тәртіптілікті қамтамасыз ету маңызды. Өз кезегінде, аймақ басшылығы сізге жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастырады

Бердібек Сапарбаев өңірде жасөспірімдер футболын дамытудың маңыздылығына тоқталды. Жаттығу процессін тиімді ұйымдастыру мен негізгі құрамның  келешегі бар ойыншыларын даярлау секілді  мәселелер басты назарда ұстауды ескертті. Кездесу барысында команда басшылығы  жаңа ойыншыларды тіркеуге қойылған шектеудің оңды шешілгені үшін, жалпы өңірде футболдың дамуына қолдау танытқан  облыс басшысына алғыс айтты.

САМАТ СМАҚОВ, "АҚТӨБЕ" ФК БАС ДИРЕКТОРЫ

- Бердібек Мәшбекұлы,  сізге өңір  футболын дамытуға  қосып жатқан үлесіңіз үшін, жалпы қодауыңызға  алғыс айтқым келеді. Бұл халықтың да көңілін шығып жатыр. Наурыз мейрамы күндері  бұл өте жағымды жаңалық.

Кездесу барысында клубтың басшылығы мен жаттықтырушы қызметкерлері биылғы қаржылық жағдай, балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту  жоспарлары туралы баяндап, өзекті мәселелерді талқылады. Қазақстан чемпионатының бірінші лигасында Ақтөбе ұсынатын «Ақтөбе-Жас» командасын құру үшін қосымша қаражат бөлінетін болды. Жиын барысында облыс әкімі тиісті мемлекеттік органдарға «Ақтөбе» футбол клубымен бірлесе қаржы мәселелерін шешуге, клубтың инфрақұрылымын, материалдық-техникалық базасын жақсартып, кәсіби ойыншыларды дайындауға тапсырма берді.

Ұлағат АРҒЫН

Тегтер: Ақтөбе жаңалықтары, Ақтөбедегі оқиғалар, Ақтөбе қаласының соңғы жаңалықтары, футболды дамыту