ОБЛЫСТА ЖАҢА ОРМАН АЛҚАПТАРЫ ҚҰРЫЛАДЫ
Жеке инвестиция есебінен облыста жаңа орман алқаптары құрылады. Green Horizon орман-климаттық жобасы аясында бүгінгі күнге дейін миллионға жуық көшет отырғызылды. Мерзімі 50 жылдық жобаның жалпы аумағы 6,4 мың гектарды құрайтын төрт жер учаскесін қамтиды және ол толығымен қазақстандық жеке инвестициялар есебінен қаржыландырылады. Алғашқы ағаш көшеттері 2025 жылдың мамыр айында отырғызылды. Көгалдандыру және ағаш отырғызу жұмыстары 2030 жылға дейін жалғасады. Жобаның жүзеге асырылу барысы, қол жеткізілген нәтижелері мен алдағы жоспарлары облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаевтың төрағалығымен өткен жұмыс кеңесінде талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен «Green Horizon» жеке серіктестігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.