Облыстық «Асық ату» федерациясының құрамасы Алматы қаласында өткен «Ақ бидай» республикалық ауыл спорты ойындарынан олжалы оралды. Төрт жылда бір рет өтетін байрақты бәсекеге қатысқан спортшыларымыз топ жарып, финалға шыққан болатын. Тартысқа толы сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен ең мықты ойыншылар қатысты. Жалпыкомандалық есеп бойынша өңір құрамасы жүлделі 3 орыннан көрінсе, жекелей сайыста 1 күміс, 4 қола иеленді. Сондай-ақ бесеуі спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындап, бәрі Қазақстан ұлттық құрамасына мүше болып қабылданды.