«Наурызнама» тұжырымдамасы аясында кеше шаһардың орталық алаңында "Жаңару" күні аталып өтті. Ашық аспан астында өткен мәдени-көпшілік шарада Ақтөбеде бұрын соңды болмаған “Тайқазан” көтерілді.
Халқымыз үшін қазанымыз толып, ырысымыз бен несібеміз ортаймасын деген ниетте көтерілген тайқазан атам заманнан молшылық пен тоқшылықтың символына айналып үлгерген. Сонымен қатар, театр әртістері сахналық қойылым сомдап, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды дәріптеді.
Қыз-жігіттер айтысып, үлкен кісілер бата оқып жарысты. Ағаш үй ішінде бір топ өнерпаз жарапазан айтты. Жастар «Соқыр теке», «Қол тұзақ», «Білек күш» ойындарын ойнап, жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.