Шалқарда қуанышты жаңалық. Ауданда 58 отбасы жаңа баспанаға ие болды. Бір тобы екі қабатты 8 пәтерлі үйге қоныстанды. Қалада мұндай 3 үй салынған. Бәрі де жалдамалы коммуналдық тұрғын үй. Мұнда 24 отбасы қоныстанды. Құрылыс жұмыстарын «Қолғанат Құрылыс» серіктестігі жүргізді. Жобаға жергілікті бюджеттен 291 млн теңге бөлініп, игерілді. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының және мемлекеттік қолдаудың арқасында 34 пәтер сатып алуға Ұлттық қордан 508 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды. Оған қоса облыстық бюджеттен 101 млн теңге бөлінген. Бұл бастама – аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартып, олардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.