Осы хабарламадан соң төтенше жағдайлар қызметі, полиция мен әскерилер, жергілікті атқарушы органдар тұрғындарды эвакуациялауға кірісті. Олардың жанына еріктілер де қосылды. Шұғыл жұмыстың басы-қасында облыс әкімі Асхат Шахаров жүрді. Таңда келіп түскен мәлімет бойынша, эвакуациялау жұмыстарына 540-тан астам адам жұмылдырылған. Сонымен бірге адамдарды тасымалдау үшін 80 автобус шығарылды. Түнде 35 мектеп эвакуациялық бекет тізіміне еніп, мекенжайы арнайы таратылды. Барлығы мың жарымға жуық адам сол орындарға жеткізілді.