Құйрықты жұлдыздай жарқ еткен бейне. Қазақ телевидениесінің тарланы, белгілі журналист Бейсен Құранбек туралы осылай айтуға болады. Қаламгер жайлы естелік кітап жер жәннаты Жетісу өңірінен Ақтөбеге жетті. Облыстық телеарна директоры Мирас Мұқаш жинақтың бірнеше данасын облыстық кітапханаға тарту етті. Енді жаңа кітапты оқырмандар рухани ордадан алып, оқи алады. Жалпы 170-тей естелік пен 90-ға тарта арнау өлең жинақталған кітапты Бейсен Құранбектің рухани інісі, журналист Есболат Айдабосын бастаған әріптестері құрастырып шыққан. Айта кетейік, Бейсен Құрамбек өзінің қысқа ғұмырында ұлттық арнаның "Айтуға оңай", "Қарекет" ток-шоулары арқылы қалың көрерменнің сүйіктісі болған еді. Елдің жоғын жоқтап, қоғамның түйткілді мәселесін көтерген бағдарламасы көп көңілінен шықты. Әріптесіміздің кісілік келбеті мен бекзат болмысы көрермен есінде қалары анық. Ал, жаңа туындыны қабылдап алған мәдениет саласының өкілдері телеарна басшылығына алғысын білдірді.