"Рухани жаңғыру" бағдарламасына бір жыл толды. Осыған орай, Ақтөбеде "жастар, ғылым және инновациялар" атты 14-ші халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, атқарылған жұмыстар сараланды. Алда атқарылатын міндеттер айтылды. Іс-шара ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің басын қосты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласы - өткен жылдың маңызды оқиғаларының бірі болды. Себебі, мақала өткен тарихымыз бен қазіргі тәуелсіз елдің жаңғырудағы басым бағыттарын айқындап берген еді. Бүгінгі конференцияға жиналғандар оның басты мақсат - міндеттерін атап өтті. Олар алдымен Жұбанов университетінде бағдарлама аясындағы іс-шараларымен танысты. Танымал тұлғалар атндағы дәрісханалар мен студенттерге арналған жаңашыл бағыттарды көріп білді.
Бағдарлама аясында өңірде атқарылған іс көп. Жоспарланған міндеттерді жүзеге асыру үшін Ақтөбе қаласы мен барлық аудандарда жобалық кеңселер құрылып, әр саланы дамыту үшін жергілікті әкімдер мен зиялы қауым және қоғамдық ұйымдар бірлесе жұмыс істеуде. Бір жыл ішінде, "Тәрбие және білім", "Атамекен", "Рухани қазына" және "Ақпарат толқыны" атты төрт кіші бағдарламалары бойынша 89 жоба іске асқан. Жетістіктері бүгінгі конференция аясында ұйымдастырылған көрмеде паш етілді. Әр ауданда атқарылған жұмыстар көпшіліктің назарына ұсынылды.
Былтыр Шығармашылық Академиясы мен Өнер орталығы, Жұбановтар әлемі секілді жаңа мәдени орталықтардың салынуы, бес бірдей ақтөбеліктің "Қазақстанның 100 жаңа есіміне" кіруі - рухани жаңғыру бағдарламасының жемісі. Конференция барысында, іске асқан өзге де ауқымды жобалар айтылды. Соның ішінде қазақ тілін латын графикасына көшіруге ерекше назар аударылды.
Конференция ғылымның теориялық және қолданбалы аспектілерінің барлық бағыттарын қамтыды. Студенттер мен ғалымдар жаратылыстану, техника, экономика салаларындағы зерттеулері бойынша баяндамаларын оқыды. Ал, рухани жаңғыру бағдарламасы шеңберінде атқарылатын жоспарлар айтылды.
Әнуарбек Мырзатайұлы