Қандыағаш қаласында жүзден астам адам астан уланып, ауруханаға жеткізілді. Науқастардың барлығы бір мейрамханада ас ішкен. Алайда олардың әрқайсысы онда әр түрлі уақытта болған. Ішек инфекциясының тіркелуіне байланысты қазір эпидемиологиялық тексеру жүріп жатыр. Мамандардың сөзінше, науқастар емдеу мекемелеріне 19-ыншы маусымнан бастап көмекке жүгінген. Осы уақытқа дейін 102 тұрғын ауруханаға жатқызылды. Оның 34-інен сальмонеллездің ықтимал жағдайы тіркелді. Облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық департаментіне шұғыл хабарлама жолданып, бактериялогиялық зерттеу жүргізу үшін сынамалар алынды. Науқастардың жағдайы қалыпты.