Облыстық “Ақтөбе” және “Актюбинский вестник” газеттерінің тарихы мен құнды дүниелері өшпес мұраға айналды. Ғасырлық тарихы бар басылымдардың құрметіне өңірдегі өлкетану мұражайында арнайы бұрыш ашылды. Мұндағы әр экспонат аймақ дамуынан сыр шертеді. “Жүз жыл жылнамасы” деп аталған экспозицияда журналистердің алғашқы буыны пайдаланған фотоаппарат, диктофон, баспаханалық шрифтары сақталған. "Кедей" атауымен шыққан газеттің 1928-1929 жылдары басылған алғашқы сандары да музей төрінен орын алды. Барлығы 70-ге жуық жәдігер жинақталды. Экспозицияның салтанатты ашылу рәсіміне облыстық газеттің дамуына сүбелі үлес қосқан ардагер журналистер де қатысты.