Облыс әкімі қар тазалау жұмыстарын тексерді. Әсіресе су басу қаупі бар Мәскеу, Құрмыш, Сүт зауыты, Шанхай ықшам аудандарының көшелерін аралап шықты. Түрксіб көшесінің тұрғыны Людмила Бронешкова былтырғы көктемде қар суы үйінің кіреберісіне дейін жеткенін айтты. Биыл қар дер кезінде тазартылғандықтан, су тасқыны болмайды деп үміттеніп отыр. Әкім ақтөбеліктерге кез-келген шұғыл мәселе бойынша 109 жедел желісіне хабарласуға болатынын еске салды. Қажетті шаралар жедел түрде қабылданады. Өңір басшысы жұмыс қарқынын әлі де арттырып, мердігерлердің жұмысын қатаң бақылауды тапсырды. Айтып өтейік, жыл басынан бері қаладан 200 мың текше метрден аса қар шығарылды. 300-ден астам техника көшелерді қардан тазалау және шығаруға жұмылдырылды.